Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын!
Батыс елдерінің жастарына арнаған жолдауы
Францияда соқыр лаңкестік салдарынан орын алған ащы оқиға менің жастар, сіздермен тағы да сұхбаттасуыма себеп болды. Мұндай оқиғалардың сөздің негізін қалап отырғаны мен үшін өкінішті. Бірақ шындық мынада: егер қиын мәселелер пікірлестік үшін шара іздеуге негіз қаламаса, оның шығыны екі есе болады. Туғандарының көз алдында жантәсілім етіп жатқан сәби өлімінің, отбасының шаттығы азаға айналған ананың, жұбайының жансыз денесін көтеріп алып бара жатқан ер-азаматтың немесе өмірінің соңғы сәттерін бастан өткеріп тұрған жанның көріністері адамның сезімі мен жан дүниесіне әсер етпей қоймайды. Бұлар Францияда орын алады ма, жоқ әлде Палестина да ма, я болмаса Ирак пен Сирияда болады ма, бәрібір, мейірім мен адамгершілік қасиеттері бойында бар адамдар мұндай көріністерді көріп, жандары ауырып, өкінішті күйге душар болады.
Шәксіз, бір жарым миллиард мұсылман осы сезімге ие. Олар жиіркенішті апаттың себепкерлерін жек көреді. Алайда, мәселе мынада: бүгінгі күннің қиындықтары егер жарқын әрі қауіпсіз ертеңді құру үшін себеп болмаса, тек ащы да нәтижесіз естеліктерге ұласады. Мен тек сіздер, жастар ғана бүгінгі тауқіметтерден сабақ алу арқылы болашақты жасау үшін жаңа жолдар тауып, Батысты қазіргі жағдайға жеткізген жолсыздықтарға бөгет бола аласыздар деп сенемін.
Лаңкестіктің бүгінде сіз бен біздің ортақ түйткіліміз екендігі анық. Бірақ таяуда сіздер бастан өткерген бейберекеттік пен алаңдаушылық Ирак пен Йемен, Сирия мен Ауғанстан халықтары ұзақ жылдар бойы көріп жатқан қиындықтар мен екі басты ерекшелікке ие: біріншісі, ислам әлемі кеңірек аспектілер мен үлкенірек көлемде және өте ұзақ уақыт бойы қорқыныш пен қатігездіктің құрбаны болып келді. Екіншіден, өкінішке орай, бұл қатігездіктер әрдайым кейбір үлкен алпауыт елдер тарапынан әртүрлі тәсілдер мен әсерлі түрдегі демеушілікке ие болды. Бүгінде АҚШ-ның әл-Қаиданы, Талибан мен солар сияқты сұм топтарды қалыптастырып, немесе соларды күшейтіп, қаруландырудағы ролінен хабарсыз адам кемде кем. Осындай тікелей қолдаудың қасында лаңкестік-тәкфіршілдердің айқын да танымал қолдаушылары саяси тұрғыдан ең артта қалған жүйеге ие болуларына қарамастан әрдайым Батыстың одақтастарының қатарынан орын алып келді. Бұл аймақтағы серпінді демократиядан шыққан алдыңғы қатарлы ең айқын ойлар рақымсыз түрде басып-жаншылып жатқан жағдайда орын алуда. Батыстың ислам әлеміндегі ояну қозғалысымен екі қырлы қатынас жасауы Батыстың саясаттарындағы қайшылықтарды көрсететін айқын үлгі болып табылады.
Бұл қайшылықтың келесі бейнесі Израильдің үкіметтік лаңкестігіне қолдау көрсетуден көрінеді. Палестинаның жапа шегіп жатқан халқы алпыс жылдан астам лаңкестіктің ең сұрқия түрін бастан өткеріп жатыр. Бірақ, егер Еуропа халқы қазір бірнеше күн ғана өз үйлерінен шыға алмай, халық көп жиналатын орталықтар мен орындарға барудан бойтартып отырса, палестиналық бір отбасының сионистік режимнің өлтіріп, қирататын машинасынан қауіпсіз болмай отырғанына ондаған жыл болды. Қазір сионистік режимнің қалашық салу ісіндегі қатігездігін қатігездіктің қай түрімен салыстыруға болады? Бұл режим өзінің өте ықпалды одақтастарының немесе сырттай тәуелсіз болып көрінетін халықаралық ұйымдар тарапынан шынайы да әсерлі түрде айыпталмастан күн сайын палестиналықтардың үйлерін қиратып, олардың бау-бақшалары мен егістік алқаптарын жойып жатыр. Тіпті оларға тұрмыс-тіршілік құралдарын тасымалдау немесе ауылшаруашылық өнімдерін жинап алуға да мұрсат бермейді. Осылардың барлығы көбінесе үрейлері ұшып, көздері жасқа толған, өз отбасы мүшелері соққыға жығылып, жараланып, кейбір кездерде олардың қорқынышты азаптау орталықтарына тасымалдануына куә болып тұрған әйелдер мен балалардың көз алдарында орын алады.
Бүгінгі әлемде осындай көлем мен аспектіде және осынша уақытқа созылған басқа қатігездікті білесіздер ме? Бақайшағына дейін қаруланған әскериге наразылық білдіргені үшін ғана көшенің ортасында оқтың нысанасына алынған әйелдің оқиғасын лаңкестік демегенде не деп атаймыз? Мұндай айуандық басқыншы үкіметтің әскери күші тарапынан жасалған кезде оны әсірешілдік деп атамау керек пе?
Әлде бұл көрініс алпыс жылдан бері дайым теледидарлардан көрініп жатқандықтан бұдан былай біздің ұжданымызға әсер етпейді ме?
Сансыз құрбаны болған Ислам әлеміне ашқан соғыстар Батыстың кереғар қисынының келесі бір үлгісі. Шапқыншылыққа ұшыраған елдер адами зардаптарымен қоса, өздерінің экономикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылымдарынан да айырылды. Олардың даму және өркендеу жолындағы әрекеттері тоқтады немесе кенже қалып, кешеуілдеді, тіпті кейбір жайттар бойынша ондаған жылға артта қалды. Соған қарамастан олардан арсыздықпен өздерін жәбірленуші деп санамау сұралады. Бір елді қирандыға айналдырып, оның қалалары мен ауылдарын жермен-жексен етіп, содан кейін оларға «сендерден өтініш, өздеріңді жапа шегуші санамаңдар» деп сұрауға болады ма? Апаттарды ұмытуға шақырудың орнына олардан риясыз түрде кешірім сұраған артық емес пе?
Осы жылдары ислам әлемінің шапқыншылардың екіжүзділігі мен көзбояушылықтарынан көрген қиындықтары материалды шығындардан аз емес.
Құрметті жастар! Мен сіздер қазір немесе болашақта өтірікке ластанған, алыс мақсаттарды жасырып, аяр мақсаттарды әрлеп көрсететін ойды өзгертеді деп үміттенемін.
Менің ойымша, қауіпсіздік пен тыныштық қалыптастырудағы алғашқы кезең – қатігездік тудыратын осы ойды түзету болып табылады. Батыстың саясатында екіұшты өлшемдер үстемдік еткен уақытта, терроризмнің құдіретті демеушілер тарапынан жақсы-жаман деп бөлінуі жалғасқанға дейін, мемлекеттердің мүдделері гуманитарлық және ақлақтық құндылықтарға негізделген күнге жеткенше қатігездіктің тамырын басқа жерден іздеудің қажеті жоқ.
Өкінішке орай, бұл тамырлар ұзақ жылдар бойы біртіндеп Батыстың мәдени саясаттарының тереңіне бойлап, жұмсақ та жасырын шабуылды бастады. Әлемнің көптеген елдері өзінің жергілікті және ұлттық мәдениетін мақтан тұтады. Бұл мәдениеттер қалыптасып, дами отырып, жүздеген жылдар бойы адамзат қоғамын жақсы қоректендіріп келді. Ислам әлемі де бұл жағдайдан тысқары емес. Бірақ қазіргі таңда Батыс елдері дамыған құралдарды пайдалану арқылы әлемді мәдени тұрғыдан ұқсас әрі бірыңғай қалыпқа түсіруге талпыныс жасап жатыр. Мен Батыстың басқа ұлттарға өз мәдениетін таңуы мен тәуелсіз мәдениеттерді менсінбеуін жасырын әрі өте зиянды қатігездік деп санаймын. Бай мәдениеттерге құрметсіздік көрсету, олардың ең қадірлісін қорлау елдердің өз мәдениеттерін басқамен алмастыруды қажет етпейтін жағдайда орын алып отыр. Мысалы, өкінішке орай, Батыс мәдениетінің негізгі сипаттарына айналған дөрекілік пен ақлақтық бейбастақтық бұл мәдениеттің өзге емес, өз жерінде де орны мен құрметін төмендетті. Мынадай сауал туындайды: егер біз кекшіл, адамгершілікке жат әрі мағынасыз мәдениетті қабылдағымыз келмесе, күнәһар болғанымыз ба? Егер біздің жастарымызға өнерсымақ кейіпте беріліп жатқан әралуан өнімдердің бұзушы-бүлдіргі тасқынына тосқауыл қойсақ, жазықтымыз ба? Мен мәдени байланыстардың маңыздылығы мен құнын жоққа шығармаймын. Бұл байланыстар үнемі табиғи жағдайда қабылдаушы қоғамға құрмет негізінде орын алса, мәдениеттің дамуы, кемелденуі мен баюына септігін тигізеді. Ал керісінше сырттан таңылған үйлесімсіз байланыстар сәтсіз әрі зиянды болады. ИСИМ сияқты қараниетті топтардың келімсек мәдениетпен осындай сәтсіз байланыстан туындағанын өкінішпен айтуым керек. Егер түйткілдің шынымен-ақ идеологиялық негізі болса, бұдан бұрын да отаршылдық заманында осыған ұқсас құбылыстар ислам әлемінде орын алуы тиіс болды, бірақ тарих оған керісінше жайттарды көрсетіп отыр. Айқын тарихи айғақтар отаршылдық түсінігінің бір бәдәуи тайпасындағы бір экстремистік оймен аймаққа радикализмнің дәнін қалай сепкенін анық көрсетеді. Болмаса, әлемнің ақлақ пен адамгершілікке негізделген ең гуманизмді мектептерінің бірінен ИСИМ сияқты қоқыс қалай шығады? Исламның ең негізгі мәтіндерінде бір адамның жанын алу бүкіл адамзат баласын өлтірумен теңестірілген.
Басқа жағынан тағы бір сауал туындайды: неге Еуропада дүниеге келіп, сол ортада рухани ой-сана тұрғысынан тәрбиеленген адамдар осындай топтарға тартылады? Адамдар соғыс аймақтарына бір-екі барғаннан кейін, кенеттен өз отандастарына оқ жаудыратындай соншалықты әсірешіл бола қалады дегенге қалай сенуге болады? Өмір бойы ластанған ортадағы мәдени азықпен қоректенудің салдарынан қатігездіктің туатынын естен шығармауымыз керек. Бұған қатысты жан-жақты талдау жасалуы тиіс. Бұл зерттеуде қоғамдағы ашық та жасырын ластайтын дүниелер анықталуы тиіс. Өнеркәсіп пен экономиканың гүлденген жылдары Батыс қоғамының әртүрлі әлеуметтік топтарында теңсіздіктер мен заңдық және құрылымдық теңсіздіктер салдарынан пайда болған терең жеккөрушілік сезімі арагідік ауру түрінде осылайша көрініс беретін өзін кем сезінушілікті тудыруы мүмкін.
Қалай болғанда да, өз қоғамыңыздың сыртқы қатпарларын жарып, түйіндер мен кектерді анықтап жоюы тиіс адамдар сіздер боласыздар. Жарылған дүниені тереңдетпей, жөндеу керек. Лаңкестікпен күрестегі үлкен қателік – алшақтықты одан ары арттыратын асығыс реакция. Қауырт сезімнен туған кез-келген әрекет Еуропа мен АҚШ-та тұратын миллиондаған белсенді де жауапты мұсылмандар қоғамын оқшаулап немесе үрей мен алаңдаушылыққа ұшыратып, өткеннен де көбірек оларды негізгі құқықтарынан айырып, қоғамдық сахнадан шетке ысырып, мәселені шешпек түгілі арақашықтықты алыстатып, шиеліністі арттырады. Асығыс, үстірт шаралар мен реакциялар, әсіресе егер заңдық күшке ие болса, қазіргі полюске бөлінушілікті арттырып, басқа дағдарыстарға жол ашқаннан басқа нәтиже бермейді. Қолда бар мәліметтер бойынша, кейбір еуропалық елдерде азаматтарды мұсылмандарға қарсы тыңшылық жасауға мәжбүрлейтін ережелер бар. Бұл әділетсіз қатынас. Зұлымдық пен әділетсіздіктің қаласын, қаламасын жасаған адамға қайтып оралатын қасиетіне ие екенін барлығымыз білеміз. Ал мұсылмандар осындай шүкірсіздікке лайық емес. Батыс әлемінің мұсылмандарды жақсы танып қалғанына ғасырлар болды. Батыстықтар ислам жерінде қонақ болып, жер иесінің байлығына көз тіккен күні де, мұсылмандарды қабылдап, олардың еңбегі мен ойын пайдаланған күні де көбінесе мейірім мен сабырдан басқа ештеңе көрген жоқ. Сондықтан мен, жастар, сіздерден дұрыс таным негізінде терең ой және ащы тәжірибелерден сабақ ала отырып, ислам әлемімен дұрыс та шарапатқа толы әріптестіктің негізін қалауға шақырамын. Сонда ғана сіздер жақын болашақта осындай іргетас үстіне салынып, сәулетшілерге сенім саясын жайған құрылыстың әлемге қауіпсіздік пен тыныштықтың жылуын сыйлап, жарқын болашаққа деген үміт отын тұтататынын көресіздер.
Сейед Әли Хаменеи
8 азар 1394 ж.
source : uma.nahad
Sunday
27 December 2015
12:33:55 PM
727146
Second Message of Ayatollah Khamenei to the Western Youth in Kazakh.