AhlulBayt News Agency

source : Parstoday
Saturday

8 May 2021

4:10:27 AM
1138688

Imam Khamenei's speech on Al-Quds Day, 2021 in KAZAKH

Due to the cancellation of International Al-Quds Day rallies due to restrictions caused by the Coronavirus, and given the importance of commemorating the Palestinian cause as a major issue of the Islamic nation, the Leader of the Islamic Revolution, Imam Khamenei, talked to the people in a live speech this year on International Al-Quds Day, May 07, 2021.

Палестина – ислам үмбетінің ең маңызды әрі өзекті мәселесі.

Ислам революциясы жетекшісінің Дүниежүзілік Құдс күніне орай жасаған баяндамасы

17/02/1400 – 07/05/2021

Алланың атымен бастаймыз!

Палестина – ислам үмбетінің ең маңызды әрі өзекті мәселесі.

Палестина оқиғасы әлі күнге дейін ислам үмбетінің ең маңызды әрі өзекті мәселесі болып отыр. Зұлым капиталистік жүйенің саясаттары бір халықты үйінен, өз отанынан, ата-бабасының жерінен айырды. Ол жерге лаңкес режим мен бөгде жұрт қоныстандырылды.

Сионистік режимді құрудағы қисын

Сионистік режимді құрудағы қисыннан әлсіз әрі негізсіз не бар? Өздерінің айтуы бойынша еуропалықтар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде еврейлерге зұлымдық жасаған. Сонда Батыс Азиядағы бір халықты босытып, қырып-жою арқылы еврейлердің кегін қайтару керек пе?!

Батыс елдері үкіметтерінің сионистік режимге қалтқысыз қолдау көрсетіп отырғандағы қисыны – осы. Олар осылайша адам құқығы мен демократияға қатысты өздерінің жалған уәждерін бүркемелеп келеді.  Мұндай күлкілі де қайғылы жағдайдың қалыптасқанына 70 жылдан аса уақыт өтті. Арагідік оған жаңа оқиғалар парағы қосылуда.

Сионистік режиммен күресу – баршаның міндеті.

Сионистер басып алынған Палестина жерін бірінші күннен бастап терроризмнің ошағына айналдырды. Израиль бір мемлекет емес, Палестина халқы мен барша мұсылман халықтарына қарсы лаңкестік базасы болып табылады. Бұл залым режиммен күресу – зұлымдық және лаңкестікпен күресу. Бұл – баршаның міндеті.

Ислам үмбетіндегі алауыздық пен әлсіздік Палестинаны басып алуға жағдай жасады.

Көңіл аударарлық жайт мынау: узурпатор режим 1948 жылы құрылғанымен ислам аймағының осы бір бөлігіне қол салу ісі одан бірнеше жыл бұрын басталған.  Бұл жылдар Батыс елдерінің ислам мемлекеттерінің ішкі істеріне белсене араласып, секуляризм мен әсіре национализмді таратып, деспоттық жүйелер құрып, Батысты жақтайтын адамдарды билік басына әкелген кездерімен тұспа-тұс келді. Сол жылдарда Иран, Түркия мен Батыс Азия және Солтүстік Африка аймағындағы араб елдерінде болған оқиғаларды зерделеу мына ащы шындықтың бетін ашады: Ислам үмбетіндегі алауыздық пен әлсіздік Палестинаны басып алуға жағдай жасады. Соның салдарынан үстемшілдер ислам үмбетіне ауыр соққы берді.

Батыс пен Шығыс блоктары Палестинаны жаулап алу үшін сионист капиталистермен ауыз жаласты.

Ғибрат алар нәрсе мынау:  ол кезеңде капиталистік және коммунистік блоктардың екеуі де сионист Харундармен келісімге келді. Ұлыбритания қастандықты жобалап, ілгерілетті. Сионист капиталистер ақша мен қарудың күшімен оны орындауды өз мойындарына алды. Кеңес одағы заңсыз құрылған мемлекетті ресми түрде танып, еврейлерді жаппай жіберген алғашқы мемлекет болды.

Узурпатор режим бір жағынан сол кездегі ислам әлемінің біліксіздігі, ал екінші жағынан еуропалықтардың қасақана басқыншылығының нәтижесі болды.

Қазір әлемдегі билік таразысы ислам әлеміне қарай бұрылды.

Бүгінде әлемнің жағдайы ол кездегідей емес. Біз бұл шындықты ұдайы назарда ұстауымыз керек. Қазір әлемдегі билік таразысы ислам әлеміне қарай бұрылды. Еуропа мен АҚШ-тағы түрлі саяси және әлеуметтік оқиғалар Батыс әлеміндегі басқару құрылымы мен ақлақтық жағдайдағы терең ауытқушылықтар мен әлсіздіктердің бетін ашты. АҚШ сайлауы кезіндегі оқиғалар мен тәкаппар басшылардың сынға түсуі, АҚШ пен Еуропада таралған коронавируспен бір жыл бойы сәтсіз күресу және соған қатысты ұятты жағдайлар, Еуропаның басты елдерінде соңғы кездерде болып жатқан саяси-әлеуметтік наразылықтар – осының барлығы Батыс блогының құлдырап бара жатқанының белгілері.

Басқа жағынан ислам әлемінің ең маңызды аймақтарында қарсыласу күштерінің нығаюы, олардың қорғаныс және шабуылдаушы қабілеттерінің артуы, мұсылман халықтарының қырағылығы, стимулы мен үмітінің артуы, ислами-құрани ұрандарға бет бұрудың артуы, ғылыми даму, халықтарда тәуелсіздік пен өзін-өзі қамтамасыз етуге талпыныстардың артуы – жақсырақ болашаққа үміт беретін берекелі нышандар.

Ислам елдері Палестина мен Құдс мәселесінде бірігуі қажет.

Осындай жарқын болашақта Ислам елдерінің интеграциясы негізгі мақсат болуы керек. Бұл мақсатқа жетер кез алыс емес секілді. Осы интеграцияның өзегі – тұтас ел ретіндегі Палестина мәселесі және қасиетті Құдстың тағдыры. Міне, осы шындық имам Хомейнидің (р.) нұрлы жүрегін Рамазан айының соңғы жұмасын Дүниежүзілік Құдс күні деп жариялауға ынталандырды.

Мұсылмандардың Палестина мәселесінде бірлесуі сионистер мен олардың америкалық және еуропалық демеушілері үшін қорқынышты түстей. «Ғасыр мәмілесі» атты сәтсіз жоба және содан кейін бірнеше әлсіз араб елдері мен сионистік режим  арасында қарым-қатынасты қалыптандыруға тырысу – осы қорқынышты түстен қашу үшін жасалған әрекеттер.

Мен кесімді түрде айтамын: Бұл талпыныстар нәтиже бермейді, сионистік режимнің құлдырау үдерісі басталды, енді тоқтамайды.

Болашақ тағдырды айқындайтын факторлар – басып алынған жерлерде қарсыласуды жалғастыру, дүние жүзі мұсылмандарының палестиналық күрескерлерді қолдауы.

Екі маңызды фактор болашақты айқындайды: біріншісі әрі маңыздысы –басып алынған Палестина жерлерінде қарсыласуды жалғастыру және джиһад пен шаһадат рухын нығайту.  Екіншісі – дүние жүзі мұсылмандары мен әлем елдерінің палестиналық күрескерлерді қолдауы.

Барша саясаткерлер мен ағартушылар, діни ғұламалар, партиялар мен топтар, қайратты жастар мен басқа әлеуметтік топ өкілдері осы дүниежүзілік қозғалыста өз орындарын тауып, тиісті рөл атқаруы керек. Міне, осы әрекет дұшпан жоспарының күлін көкке ұшырады. Өйткені Алланың өзі  былай деген: «Айла қолданғысы келе ме? Кәпірге айналғандардың өздері тұзаққа түседі» («Тур» сүресі, 42-аят)  Алла өз ісін жақсы біледі. Бірақ халық мұны білмейді («Юсеф» сүресі, 21-аяттың бір бөлігі).

 

(Араб бөлімі)

Араб жастарымен араб тілінде сөйлескім келеді.

Алланың атымен бастаймын!

Армысыңдар, азаттық сүюші араб халықтары, әсіресі араб жастары! Бармысың, Палестина мен Құдстың қайратты халқы!

Сәлем мен салауат болсын сіздерге, қарсыласу жолында жан берген күрескерлер! Әсіресе шәһид шейх Ахмад Ясин, шәһид сейіт Аббас Мусави, шәһид Фатхи Шақақи, шәһид Эмад Мағниа, шәһид Абдулазиз Рантиси, шәһид Абумехди әл-Мухандес және соңында қарсыласу қозғалысы шәһидтерінің арасындағы көрнекті тұлға – шәһид Қасым Солеймани. Бұл тұлғалардың әрқайсысы жемісі мол берекелі өмірден кейін шәһид болу арқылы қарсыласу қозғалысында өшпес із қалдырды.

Палестиналықтардың күресі мен қарсыласу қозғалысы шәһидтерінің төккен қаны Палестина туын желбіретіп ұстап тұруға көмектесіп, палестиналық джиһадтың ішкі қуатын жүздеген есе арттыруға септігін тигізді. Палестиналық жастар бір күні өздерін таспен қорғады. Ал бүгінде нысананы дәл көздейтін зымыран ату арқылы дұшпандарға жауап береді.

Палестина мен Құдс Құран кітабында «қасиетті жерлер» деп аталған. Осы таза жердің ең жауыз адамдардың қолына түскеніне ондаған жыл болды.  Бұл сайтандар қорғансыз жандарды қанға бөктіріп жатыр. Тіпті мұны тәкаппарлықпен мойындайды. Нәсілшілдер 70 жылдан аса уақыт бойы жер иелерін қырып, мүлкін талан-таражға салып, халықты қамап, азаптады. Бірақ, Құдайға шүкір, олардың ерік-жігерін мұқалта алмады.

Палестина тірі. Ол джиһадты жалғастырып жатыр. Құдайдың қолдауымен ақырында дұшпанды жеңеді. Қасиетті Құдс пен бүкіл Палестина сол жердің халқына тиесілі. Сондықтан оларға қайтарылады, бұйырса. «Бұл іс Аллаға қиын емес».

Палестина мәселесіне қатысты барлық мұсылман халықтары мен мемлекеттерге жауапкершілік жүктеліп, міндет артылған. Бірақ күрестің басты өзегі – палестиналықтардың өздері.  Бүгінде Палестина жерінде және одан тысқары жерде шамамен 14 млн адам бар.  Осы адамдардың бірлігі мен біртұтастығының арқасында үлкен іс атқарылады. Бүгінде бірлік – палестиналықтардың ең ірі қаруы.

Сионистік режим, АҚШ және кейбір саяси күштер палестиналықтардың бірігуін қаламайды. Бірақ егер Палестина қоғамының ішінде бірлік бұзылмаса, сырттағы дұшпан ештеңе істей алмайды. Бірлік өзегі ішкі джиһад және дұшпандарға сенбеу болуы керек. Палестиналықтардың  басты дұшпандары, яғни АҚШ, Ұлыбритания мен жауыз сионистер Палестина саясатының тірегіне айналмауы керек.

Газа секторы, Құдс, Иордан өзенінің батыс жағалауы, 1948 жылғы жерлер, тіпті лагерьлерде қалған палестиналықтардың барлығы біртұтас қоғамды құрып, бірлесу стратегиясын ілгерілетуі тиіс. Әр бөлік бір-бірін қорғауы керек. Оларға қысым жасалғанда қолда бар құралдарды пайдалануы керек.

Бүгінде жеңіске жету үміті басқа кезден көбірек. Күш-қуат таразысы   палестиналықтардың мүддесіне қарай өзгерді. Сионист дұшпан жыл өткен сайын әлсіреуде.  Өзін «Ешқашан жеңілмейтін армия» деп таныстыратын сионистік режим армиясы Ливанда 33 күндік соғыс, Газада 22 күндік және 8 күндік соғыстарды бастан өткергеннен кейін бүгінде «жеңістің жүзін көрмейтін» армияға айналды. Екі жылда төрт сайлау өткізуге мәжбүр саяси жағдайы бар. Ал қауіпсіздік  шаралары бірінен соң бірі жеңіліс тауып жатыр. Еврейлердің Палестина жерінен көшуге ынталарының артуы сионистік режимнің масқарасын шығарды. АҚШ-тың көмегімен  бірнеше араб елімен қарым-қатынасты қалыптандыруға талпыну – сионистік режимнің әлсіздігінің тағы бір белгісі. Әрине бұл да оған көмектеспейді. Ол ондаған жыл бұрын Мысырмен байланыс орнатты. Сол күннен бүгінге дейін сионистік режим одан ары осалдана түсіп, әлсіреді. Осындай жағдайда бірнеше әлсіз елмен байланыс орнату оған көмектесе ала ма? Әрине әлгі елдер де осы қатынастан пайда көрмейді. Сионист дұшпан олардың жері мен мүлкіне қол салып, сол елдерде  жемқорлық пен тынышсыздықты арттырады.

Әрине мұндай шындықтар басқа елдердің қарсыласу қозғалысына қатысты ауыр міндетін естен шығартпауы керек. Мұсылман және христиан ғұламалар сионистік режиммен қарым-қатынасты қалыптандыруды шариғат бойынша харам деп жариялауы керек. Ағартушылар мен азаттықты талап етушілер Палестинаның арқасына салынған қанжардай болып отырған осындай қиянаттың салдарын баршаға түсіндірулері керек.

Сионистік режим  құлдырап бара жатқанда қарсыласу қозғалысының күш-қуатын арттыру, әскери қорғаныс қабілетін арттыру, әсерлі қару-жарақ жасауда өзін-өзі қамтамасыз ету, күрескерлердің өз-өздеріне сенімді болуы, жастардың хабардарлығының артуы, қарсыласу қозғалысын Палестинаның түкпір‑түкпіріне және одан тысқары жерлерге тарату, жастардың жуырда әл-Ақса мешітін қорғауға жұмылуы және Палестина халқының талпыныстарына әлемнің көптеген аймақтарында оңды реакция білдірілуі жарқын болашаққа үміт береді.

ИИР тарапынан БҰҰ құжаттарында тіркелген палестиналық күрестің қисыны тартымды да орынды. Палестиналық күрескерлер Палестинаның негізгі түрғындары арасында бір референдум өткізе алады. Бұл референдумда елдің саяси жүйесі айқындалады. Оған кез келген дін мен ұлттан шыққан негізгі тұрғындар, соның ішінде палестиналық босқындар қатыса алады. Ол саяси жүйе босқындарды елге қайтарады және елде қоныс тепкен бөгделердің тағдырын анықтайды.

Бұл талап әлемде қабылданған демократиялық принциптерге сай. Ешкім оған қарсылық білдіре алмайды. Палестиналық күрескерлер узурпатор режиммен заңды күресін осы талапты қабылдағанға дейін жалғастыруы керек.

Алланың атымен әрекет етіңіздер. «Алла Өзінің дінін қолдағанға міндетті түрде қолдау көрсетеді».

Уассаламу алайкум уа раһматтуллаһи!